«Қазақтелеком» Astana International Exchange Ltd биржасында екі апта бұрын орналастырылған облигацияларын сатып алды. Бұл оқиға 17 қаңтарда орын алды. «Сатып алынған облигациялардың жалпы құны 59 млрд теңгені құрады, төленген сыйақы мөлшері – 0,5 млрд теңге», – деп хабарлады телеком-оператор 20 қаңтардағы ақпаратында.
Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылдың 30 желтоқсанында «Қазақтелеком» 100 млрд теңге сомасындағы облигациялық бағдарламасы аясында 59 млрд теңге көлемінде екінші облигация шығарылымын бекіткен болатын. Бір қағаздың номиналдық құны 1000 теңгені құрады.
Бір ай бұрын, 1 қарашада, «Қазақтелеком» AIX-те 41 млн дана облигацияны 1000 теңге бағасымен орналастырған болатын. Шығарылымның жалпы көлемі, сәйкесінше, 41 млрд теңгені құрады.
Телеком-оператордың облигациялары бойынша купондық ставка жылдық 15,25% деңгейінде белгіленіп, қағаздардың айналым мерзімі үш жылды құрайды.
«Қазақтелеком» баспасөз қызметінің хабарлауынша, облигацияларды орналастыру нәтижесінде алынған қаражат инвестициялық бағдарламаны және айналым капиталын қаржыландыруға, сондай-ақ міндеттемелерді қайта қаржыландыруға бағытталуы жоспарланған.
Құжат жарияланған сәтте, қағаздарды кері сатып алу шешімінің себебі туралы компания жауап бермеді.
«Қазақтелеком» ірі акционерлері – ұлттық әл-ауқат қоры «Самұрық-Қазына» акционерлік капиталда 71,32% үлеспен және Jusan Bank 8,1% үлеспен.
2023 жылға арналған консолидирленген қаржылық есептіліктің деректеріне сәйкес, «Қазақтелеком» 104,4 млрд теңге пайда тапты.
Қазіргі уақытта компанияның құрамына сегіз еншілес ұйым кіреді: «КТ-Айикс» ЖШС (100% қатысу үлесі), «Востоктелеком» ЖШС (100% қатысу үлесі), «Цифрлық экономика дамуы орталығы» ЖШС (100% қатысу үлесі), «Нурсат+» ЖШС (100% қатысу үлесі), «КТ-Телеком» ЖШС (100% қатысу үлесі), «Phoenix Fund Limited Partnership» (49,98% қатысу үлесі), Caspinet B.V. (50% қатысу үлесі), сондай-ақ «Кселл» АҚ (51% қатысу үлесі).
14 қаңтарда «Қазақтелеком» Қазақстанда Tele2/Altel брендтерімен жұмыс істейтін «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС-нің жарғылық капиталындағы 100% қатысу үлесін Qatari холдингі PIH Communication LLC-ге сату келісімін аяқтағаны туралы хабарланды.