Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметіне сәйкес, қатысушылардың 76%-ы тестілеу үшін қазақ тілін, 23,9%-ы орыс тілін, ал 162 адам ағылшын тілін таңдады. Абитуриенттер өтініш бергенде тестілеу күнін, уақытын және өткізу пунктін өздері таңдады. Бірінші күні ЕНТ-ны еліміз бойынша 775 адам тапсырады.
«Профильдік пәндердің ең танымал комбинациясы «биология-химия» болды — 17,5%. Бұл болашақ дәрігерлер, мұғалімдер және ауыл шаруашылығы мамандары. Одан кейін «математика-физика» — 17,1% және «математика-информатика» — 10,5% комбинациялары келеді, олар болашақ инженерлер мен IT- мамандарын білдіреді», — деп хабарлады министрліктен.
ЕНТ-дағы пәндер саны бұрынғыдай: үш міндетті және екі таңдау пәні. Тапсырмалар саны — 120, оның ішінде 20 «Қазақстан тарихы», 10 «оқылым сауаттылығы», 10 «математикалық сауаттылық» және екі профильдік пән бойынша 40-тан. Максималды балл саны — 140.
Тестілеу уақыты — 4 сағат. Арнайы білім беру қажеттіліктері бар балаларға қосымша 40 минут беріледі.
Еске сала кетейік, наурыздағы ЕНТ-ға күндізгі оқу формасы бойынша шартты түрде жоғары оқу орнына қабылданған тұлғалар, өткен жылдардағы мектеп және колледж түлектері, Қазақстан Республикасының азаматтары емес қазақ ұлтының өкілдері, сондай-ақ жоғары оқу орнына қабылдау үшін мектептің 11-сынып оқушылары қатыса алады.