Қазақстандағы «Сейф-Ломбард» ЖШС-нің негізін қалаушы ресейлік банкир Игорь Ким Ұлыбританияның салған санкцияларына байланысты компаниядағы үлесінен бас тартатын болды. Ол ЖШС-нің мажоритарлық иесі болып табылады.
«2025 жылдың 24 ақпанында «Сейф-Ломбард» ЖШС-нің бенефициарлық иесі Ұлыбританияның санкциялық тізіміне енгізілді (…) Санкциялық тәуекелдерді жою үшін компанияның негізін қалаушы өз үлесін сату туралы шешім қабылдады, бұл Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жақын арада жүзеге асатын болады», — деп хабарлады компаниядан.
Игорь Ким 2024 жылдың 30 қыркүйегіндегі жағдай бойынша «Сейф-Ломбард» ЖШС-нің 98,988% үлесінің бенефициарлық иесі болып табылады. Кішігірім пакет — 1,012% — басқарма төрағасы, резидент Геннадий Кимге тиесілі. Мажоритарлық иесінің өз үлесін қандай шарттармен және кімге беретіні компанияда нақты айтылмады.
«Сейф-Ломбард» хабарламасында компанияның өзі Ұлыбританияның санкциялық тізіміне енбегенін және 2024 жылы 4,7 млрд теңге пайда алуды күтетінін атап өтті.
Еске сала кетейік, Игорь Ким ресейлік Экспобанктің иесі ретінде 2025 жылдың 24 ақпанында Ұлыбританияның санкциялық тізіміне енген. Қазақстанда оған «Береке» МФО-сы да тиесілі — ол бұл компанияны 2023 жылдың соңынан бастап жеке иеленуде (бұрын «Сейф-Ломбард» арқылы). 2023 жылдың желтоқсанында Forbes Kazakhstan бұл компанияны банкке айналдыру жоспарлары туралы жазған болатын.