25 ақпанда ҚР Ұлттық кітапханасында Биржан Хасанғалиевтің «Ескендір Хасанғалиев. Музыкадағы өмір. Өмірдегі музыка» атты кітабының таныстырылымы өтті. Бұл шығарма қазақ композиторы, әншісі Ескендір Хасанғалиевтің музыкалық мәдениетке қосқан елеулі үлесіне арналады.
Іс-шараға қазақ өнерінің шеберлері, танымал музыканттар, орындаушылар, Ескендір Хасанғалиевтің отбасы мен жақындары, сондай-ақ кітап авторының әріптестері мен достары қатысты.
Кітап 11 бөлімнен тұрады, онда композитордың өмірі мен шығармашылық жолының барлық кезеңдері егжей-тегжейлі баяндалған. Басылымда оның естеліктері мен сирек кездесетін фотосуреттері, сондай-ақ Ескендір Хасанғалиевтің әндері мен романстарының толық тізімі жарияланған.
Іс-шара аясында ҚР Ұлттық кітапханасының қорынан «Ән болып жеткен Есаға» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Онда композиторға арналған музыкалық жинақтар, сондай-ақ естеліктер мен фотосуреттер ұсынылды.