Халықаралық рейтинг агенттігі Standard&Poor’s Қазақстанның мемлекеттік кредиттік рейтингін BBB-/A-3 деңгейінде растады, болжамы «Тұрақты». Бұл туралы 22 ақпанда ҚР Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Елдің рейтингін қолдайтын негізгі факторлар фискалдық және сыртқы баланс болып табылады, олар сыртқы тәуекелдер үшін жеткілікті резервтерді қамтамасыз етеді. Агенттік аналитиктерінің пікірінше, елдің өтімді сыртқы активтері сыртқы қарызды едәуір асып түседі.
S&P жоспарланған мұнай өндірудің өсуі мен Теңіз мұнай кенішіндегі қуаттарды кеңейтудің экономикалық өсуге оң әсер ететінін атап өтті.
Жарияланымда Қазақстанның орта мерзімді фискалдық траекториясы фискалдық ережелердің сақталуына байланысты болатындығы айтылған. Салық базасының кеңеюі мен ҚР Ұлттық қорынан қосымша трансферттерге шектеулер бюджет тапшылығын азайтуға мүмкіндік беретіні күтілуде.
Сонымен қатар, S&P Қазақстанның банк секторының геосаяси және макроэкономикалық тәуекелдерге тұрақтылығын атап өтті. Аналитиктердің пікірінше, екінші деңгейлі банктерде жеткілікті капитал қоры мен тұрақты өтімділік бар.