Қазақстанның Грузиядағы елшісі Малик Мурзалина мен Патриаршы орынды уақытша атқарушы Патриарх лауазымында отырған оның жоғары мәртебесі митрополит Элизбар Муджири, монахтық атауымен митрополит Шио, арасында кездесу өтті.
Кездесу барысында дінаралық диалогтың негізгі мәселелері мен Грузияның 2025 жылдың қыркүйек айында Астана қаласында өтетін VIII Дүниежүзілік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезіне қатысуы талқыланды.
М. Мурзалина Съездің маңызы туралы егжей-тегжейлі баяндап берді, ол 2003 жылдан бері бейбітшілік, төзімділік және конфессияаралық келісім мәселелерін талқылау үшін маңызды халықаралық алаң болып табылады. Сондай-ақ, ол Съездің әлемдік діндер лидерлерін, саясаткерлерді және бейбітшілік пен келісімді сақтауға арналған ғалымдарды біріктіретін форум ретіндегі маңыздылығын атап өтті.
Әңгіме барысында Грузияның VIII Съезге қатысуына ерекше назар аударылды. Қазақ дипломаты Грузияның Съезге жоғары деңгейде қатысуының Қазақстан мен Грузия арасындағы қатынастарды нығайтуға, сондай-ақ екі халықтың мәдени және рухани байланыстарын кеңейтуге маңызды қадам болатынын атап өтті. Съезд аясында бейбіт қатар өмір сүру мен діни төзімділік мәселелерін талқылау халықаралық тұрақтылық пен өзара құрметті нығайтуға септігін тигізеді.
Митрополит Шио Грузия тарапынан алдағы шараға белсенді қатысуға терең қызығушылық білдіріп, мұндай форумның дінаралық диалогты әрі қарай дамыту мен түрлі мәдениеттер мен конфессиялар арасындағы бейбіт қатынастарды нығайтудағы маңыздылығын атап өтті. Ол Грузияның бай рухани мұрасы мен ғасырлар бойғы христиандық тарихы бар ел ретінде руханилық пен бейбітшілікті халықаралық деңгейде кеңейту мен тереңдетуге өз үлесін қосуға дайын екенін айтты.
Кездесу нәтижесінде тараптар одан әрі ынтымақтастыққа дайын екендіктерін білдіріп, 2025 жылы Дүниежүзілік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII Съезіне Грузияның қатысуын ұйымдастыру бойынша жұмысты жалғастыруға келісті.