Мемлекеттік қызмет мәселелері жөніндегі агенттік Қазақстан Республикасының Президенті халыққа жолдаған «Әділ Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты жолдауын жүзеге асыру аясында мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударады.
Мемлекеттік қызметтегі адам ресурстарын басқару бойынша үздік тәжірибемен алмасу үшін шетелдік серіктестермен ынтымақтастық орнатылуда.
Мысалы, өткен жылы АҚШ-қа сапар барысында АДГС төрағасы Дархан Жазықбай мен АҚШ-тың Кадр қызметі басқармасының директоры Роб Шрайвер арасында кездесу өтті. Тараптар өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойып, мемлекеттік қызметтегі адам әлеуетін арттырудың маңыздылығына келісті.
Осы келісім негізінде 20 қаңтарда «Дағдарыс жағдайларын басқаруда көшбасшылық» тақырыбында мемлекеттік қызметшілер мен төтенше жағдайлар саласындағы қызметкерлер үшін үш күндік онлайн оқу курсы басталды.
Лекторлар ретінде АҚШ-тың әртүрлі мемлекеттік органдарының басшыларына біліктілікті арттыру бағдарламаларын жүзеге асыратын Федералдық атқарушы билік институтының профессорлары тартылды.
Қазақстан тарапынан 57 мемлекеттік қызметші – Төтенше жағдайлар министрлігінің басшылық құрамы және табиғи ресурстарды қорғау саласында жетекшілік ететін басқармалар басшылары оқуды аяқтады.
Бұл аудитория соңғы бірнеше жылда елімізде орын алған табиғи сипаттағы төтенше жағдайларға және АҚШ-тың мұндай жағдайларды басқарудағы бай тәжірибесіне байланысты анықталды. Оқыту барысында АҚШ және Қазақстандағы төтенше жағдайлар бойынша интерактивті талқылаулар өтеді.