БАӘ-ге жұмыс сапары барысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект (ЖИ) дамуы бойынша сарапшылармен кездесу өткізді, деп хабарлайды Kazpravda.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Іс-шараға қатысушылар алдында сөз сөйлеген мемлекет басшысы ЖИ қазіргі прогрестің негізгі қозғаушы күштерінің бірі екенін және экономиканы түбегейлі өзгертуге қабілетті екенін атап өтті.
– Қазақстанда ЖИ-ны ілгерілету үшін мықты негіз құру бағытында елеулі қадамдар жасалуда. Институционалдық құрылымдарды, инфрақұрылымды қалыптастыру және адам капиталының дамуына ерекше назар аударылуда. Институционалдық құрылым аясында менің жетекшілігіммен жұмыс істейтін Жасанды интеллект бойынша Халықаралық консультативтік кеңес құрып жатырмыз. Бұл кеңес ЖИ бойынша ұлттық саясатты әзірлеу және халықаралық ынтымақтастықты нығайту мақсатында инженерлерді, зерттеушілерді және кәсіпкерлерді біріктіру үшін әлемдік сарапшылармен диалог пен пікір алмасудың стратегиялық платформасы болады, – деді президент.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың атап өтуінше, Қазақстан үшін ЖИ саласындағы басты басымдық – жоғары білікті мамандарды даярлау және қолдау. Оның айтуынша, ЖИ-ны енгізудегі табыс, осы технологияларды әзірлеп, қолданатындардың біліктілігі мен тәжірибесіне тікелей байланысты.
Мемлекет басшысы сондай-ақ Қазақстанда әлемдік озық тәжірибелерді біріктіретін AlemAI заманауи технологиялар орталығы құрылатынын хабарлады. Орталық инновациялық шешімдерді енгізуге ықпал етеді. Ол ЖИ-мен байланысты бастамаларды жүзеге асыру үшін хаб болады, оның ішінде мектептер, университеттер және кәсіби даярлық орталықтары үшін білім беру бағдарламалары, зерттеу орталықтары, стартаптар мен компаниялар үшін кеңселер, сондай-ақ тәжірибе алмасу мен озық тәжірибелерді енгізу платформалары болады.
– Білім беру саласында адам капиталының дамуына ықпал ету үшін Al-Sana инновациялық бағдарламасын ұсындық. Бағдарлама әртүрлі салалардан мамандарды межелік даярлауды қамтамасыз етеді және ЖИ саласында озық шешімдер әзірлеуге ықпал етеді, – деп толықтырды президент.
Қорытындылай келе, Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның жасанды интеллект глобалдық экожүйесінің белсенді қатысушысы болуға ұмтылатынын және қатысушыларды ғылыми зерттеулерден бастап этикалық стандарттарды орнатуға дейінгі әртүрлі салаларда ынтымақтастыққа шақырды.
Іс-шара барысында Polynome компаниясының негізін қалаушы Александр Ханин, G42 компаниясының Жасанды интеллект бойынша бас директоры Джексон Эндрю, Абу-Дабидегі Халифа ғылым және технологиялар университетінің профессоры Дебба Меруан, БҰҰ-ның «ЖИ игілік үшін» бастамасының атқарушы кеңесінің төрағасы Аль-Мазруи Эбтесам, Core42 компаниясының мемлекеттік істер және серіктестік жөніндегі директоры Аль-Каисси Талал, Мұхаммед бин Заид атындағы Жасанды интеллект университетінің ректоры және профессоры Тимати Болдуин, Saal.ai компаниясының Жасанды интеллект бөлімі басшысы Абдулнаби Абрар, Mubadala Investment Company компаниясының венчурлық жобалар мен дамыту бөлімінің басшысы Аль-Мазруи Фарис Сухейль сияқты сарапшылар пікір алмасуға қатысты.