Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің тіл саясаты комитеті жанындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы «Tilqazyna» атты қазақ тілін оқыту моделінің алғашқы нәтижелерін ұсынды. Бұл модель жасанды интеллект негізінде әзірленген.
Қазіргі уақытта модель қазақ тілінің лексика, морфология, семантика және басқа да салаларында тапсырмаларды орындауға қабілетті. Атап айтқанда, ол қазақ тілінде мәтін генерациялауға, перифразалар жасауға, контекстпен жұмыс істеуге, мәтіндерді қысқартуға, грамматикалық және пунктуациялық қателерді түзетуге, фразеологизмдердің мағыналарын ашуға, сондай-ақ терминдерді аударуға мүмкіндік береді.
Бұл салаға арналған LLM моделі Hugging Face платформасына жүктеліп, барлық пайдаланушылар үшін қолжетімді. Модельді пайдалану қазақ тілінде жасанды интеллект арқылы көптеген IT-өнімдерді әзірлеуге мүмкіндік береді. Бұл Қазақстанның жасанды интеллектті кеңінен пайдаланатын және цифрлық технологияларды дамытатын мемлекетке айналу қажеттілігін атап өткен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауына сәйкес келеді.
Модельді әзірлеу барысында «Тіл-Қазына» орталығының сарапшылары табиғи тілдерді өңдеу алгоритмдерін қолданды және үлкен көлемдегі деректерді мақсатты түрде талдады.
Биыл модельге дауыс арқылы қарым-қатынас функциясы қосылады және пайдаланушылар үшін ыңғайлы интерфейс әзірленеді. Сонымен қатар, жоба A1, A2 және B1 деңгейлерінде қазақ тілін оқытуға қабілетті болады, ал 2026 жылға қарай B2 және C1 деңгейлерінде оқыту мүмкіндігі пайда болады.
Жобаның соңғы нәтижесі – пайдаланушының тіл білу деңгейіне байланысты қазақ тілін оқытуға арналған жеке бағдарлама құра алатын дауыс көмекшісі болады. Ол IOS және Android жүйелеріне арналған мобильді қосымша түрінде ұсынылады.